НЕЛІКТЕН "KAMALAT" АТАНДЫҚ? . Хабарласушылар "Кәмәләт" деген сөз қандай мағынаны білдіреді?", "Сіздің атыңыз Кәмәләт па?" деп жиі сұрап жатады. Сондықтан оқырмандарымызға, курсқа жазылушыларға неліктен "Kamalat" атанғанымыз туралы аз-кем айта кетуді жөн көрдік. Болашақта білікті тігінші мамандар даярлайтын аса ірі оқу орталығына айналуды мақсат ететін жас кәсіпорынға атау іздеп көп ойландық. Ұйымның атауы болуға жарайтын сан түрлі сөздерді талқылап, алайда олардың ешбіріне көңіліміз толмай жүргенде, өмірден өткен әжемізді еске алдық. Ол кісі он саусағынан өнер тамған тігінші еді. Бала күнімізде киімдерімізді де, үйдің ішіндегі құрақ көрпелерді де өзі тігуші еді. Сол әжеміздің есімі Кәмәләт болатын. Әлбетте, марқұм болған ата-баба, әжелеріміздің рухы қолдайды, аруағы жебейді дейтін ойдан аулақпыз. (Керісінше, дүниеден озған әке-шеше, ата-бабамызға изгі амалдарымыздың сауабын бағыштау міндетіміз). Десе де, құлаққа үйреншікті болмаған "кәмәләт" сөзінің мағынасын іздеп көрдік. Бұл сөздің мән-мағынасын Абай Құнанбайұлының 12-ші қара сөзінен таптық. Абай бұл сөзді "даму", "кемелдену", "толысу" деген мағынада қолданған екен. Сонымен қатар "кәмәләт" сөзі тіліміздегі "кәмелет жас", "кемел" сөздерімен тұлғалас екенін де түсіндік. Қазақ атамыз ержеткен, бойжеткен жастарын "кәмелет жасқа толды" дегенде жетілді, есейді, ақылы мен дене тұрпаты толысты дегенді меңзейді. Осы деректерді ескере отырып, сонымен бірге Кәмәләт әжеміздей тігіншіліктің қызығын көрсек деген ізгі ниетпен, қазіргі уақыттың талабына сай латын әріптерімен жазып "Kamalat" атандық. Құрметті оқырман! Оқу орталығы әрдайым шәкірттеріне барынша сапалы білім беріп, тігіншілікті ұтымды тәсілдермен оңай әрі тез үйретуді мақсат етеді. Оқу орталығына тігіннен еш хабарсыз келіп, алдымен белдемше, жилет сияқты қарапайым бұйымдардан бастап, уақыт өте келе шеберліктерін шыңдап, кардиган, пиджак, пальто тігуге дейін жететін кемелдену, өсу жолындағы оқушыларымызға толағай табыстар тілейміз!

Теги других блогов: продвижение SEO Google